ка

«Жаңа Адамдар»: Алматыдағы мектеп-интернаттағы бассыздыққа тоқтау болу керек

01.06.2025 17:27
0
«Жаңа Адамдар»: Алматыдағы мектеп-интернаттағы бассыздыққа тоқтау болу керек
Сыныптар орнына – жатын бөлмелер, спортзал орнына – асхана. 900 миллион теңге жұмсалғанымен, Ибраим Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернаттағы жағдай әлі мүшкіл.

Сыныптар орнына — жатын бөлмелер, спортзалдың орнында — асхана, ал қалыпты оқыту жағдайының орнында — бітпейтін дау-дамай. Алматыдағы Ибраим Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернаттағы көрініс дәл осындай, деп хабарлайды kznews.kz.

Мектеп ғимаратын жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталып, оған 596,7 миллион теңге бөлінген. Мердігер компания құрылысты 2023 жылдың қаңтарына дейін аяқтауға уәде бергенімен, уәдесінде тұрмай, жосықсыз деп танылды. 2025 жылы жөндеуді жалғастыру үшін бюджеттен қосымша 300 миллион теңге бөлініп, жаңа мердігер іздеу басталды. Жалпы шығын 900 миллион теңгеге жуықтағанымен, білім беру мекемесі әлі күнге дейін толық іске қосылмаған. Бүгінде мектеп-интернатта 170 бала білім алып жатыр, бірақ ғимарат қауіпсіз мекеме болудан гөрі, қараусыз қалған нысанға көбірек ұқсайды.

«Жаңа адамдар» қозғалысының «Халық Қаһары» жобасы бұл жағдайға бейжай қарауға болмайтынын еске салып, балалардың шаң басқан бетон ортасында емес, лайықты мектепте оқу керектігін айтты. Белсенділер интернатқа «Аман қалу VS Білім алу?» деген жазуы бар плакат іліп, ChatGPT әзірлеген — құрылыс процесін ұйымдастыруға арналған нақты ұсыныстар қамтылған құжатты орнатты. Мұндай тәртіпсіздікке жол бергендерге дәл осындай нұсқаулық жетіспеген тәрізді.

«Жаңа адамдар» өкілі Назік Ходжагелдиеваның айтуынша, бұл мәселе көпшіліктің назарынан тыс қалып келеді. Сондықтан олар бұл проблеманы барынша ашық көрсетуге тырысқан.

«Бұл сұрақ — жай ғана символ емес, бұл — қоғамның үндеуі. Егер ЖШС басшылары тергеу нысанына айналғылары келмесе, өз істеріне жауапкершілікпен қарауы тиіс», — дейді ол.

Балаларды қорғау күніне орай, белсенділер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың:

«Балалар – біздің болашағымыз. Әрбір бала мейірім мен қамқорлықты сезініп, ертеңгі күнге сеніммен қарауы керек» деген сөзін еске салды.

Мектептер миллиардтаған қаржы жұмсалған бос қабырғалар емес, нағыз білім ордасына айналуы тиіс.

«Халық Қаһары» бұл жолдағы күресін жалғастыра береді — Алматыдағы балалар өздеріне лайықты мектепке қол жеткізбейінше, тоқтамайды.

Пікірлер
(0)
Бұл жерде әлі ештеңе жоқ
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий