Таза Қазақстан: Астана жас пауэрлифтерлері экологиялық акцияға белсене қатысты

Бүгін №7 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің пауэрлифтингпен шұғылданатын спортшылары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына өз үлестерін қосты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты. Жас спортшылар Қалдаяқов көшесінде орналасқан жаттығу залы аумағында сенбілік ұйымдастырып, айналаны қоқыстан тазартып, ағаш отырғызды.
Классикалық пауэрлифтингтен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы Егор Кузнецов мұндай шаралардың экологиялық сана қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
— Біз жарыстарда Астананың намысын қорғап жүрміз, бірақ туған қаламызды таза ұстау да – үлкен жауапкершілік. Қоршаған ортаға қамқорлық – спорттағы тәртіп секілді маңызды, — деді ол.
Игі бастаманы спорт мектебінің жаттықтырушылары мен басшылығы да қолдап, мұндай акциялар жас ұрпақтың азаматтық белсенділігін арттырып, туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыратынын айтты.
№7 БЖСМ директоры Серік Халелов қатысушыларға алғыс білдіріп, сенбіліктер мектеп үшін жақсы дәстүрге айналғанын жеткізді.
— «Таза Қазақстан» бүкіл ел бойынша мыңдаған азаматты біріктіреді. Біздің спортшылар тек үлгі көрсетіп қана қоймай, спорт пен экологияның үндесетінін дәлелдеп жүр. Барша қатысушыларға алғыс айтамыз, — деді ол.