ка

Сот Шерзат Полат ісі бойынша айыпты қайта саралаудан бас тартты

30.05.2025 11:37
0
Сот Шерзат Полат ісі бойынша айыпты қайта саралаудан бас тартты
фото: Жоғарғы Сот
Сотта жәбірленуші тараптың адвокаты Бағдагүл Ажығалиева айыпталушыларға ауыр жаз.а қолдануды талап етті. Алайда сот өтінішті қанағаттандырмады. Іс бастапқы айыптау шеңберінде қаралатын болды.

Шерзат Полат ісі: Жәбірленуші тарап кісі өлтіру бабын қолдануды сұрады, бірақ сот өтінішті қанағаттандырмады, деп хабарлайды kznews.kz сайты Skifnews.kz порталына сілтеп.

Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша өткен сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Бағдагүл Ажығалиева айыпталушылардың әрекеттерін «ерекше қатыгездікпен топ болып адам өлтіру» бабына қайта саралауды талап етті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта басты айып тек Абзал Шынасылға тағылып отыр.

Адвокат оқиға Шынасылдың кәмелетке толмаған Шерзат Полатты қасақана жүрек тұсынан пышақпен жарақаттауынан басталғанын айтты. Полат қашпақ болғанымен, 50 метрден соң құлап түскен. Анасы ұлын құтқармақ болғанда, оған Шынасыл мен Ілиясов кедергі келтірген. Кейін Әскентай, Тоқтаубаев, Сакиев және Шынасыл бірігіп, жәбірленушіге шабуылдаған. Белғожаев пышақпен, Ілиясов мылтықпен соққы берген, өзгелері ұрып-соққан. Шерзат сол түні ауруханада көз жұмған.

Ажығалиева прокурордан айыпты қайта қарау үшін сот отырысын кейінге қалдыруды сұрады. Ол кейбір айыпталушылардың әрекеттері 99-баптың 2-бөлімі бойынша — «топ болып, ерекше қатыгездікпен кісі өлтіруге оқталу» ретінде бағалануы тиіс деп санайтынын айтты.

Бірақ айыптау тарабы бұл талаппен келіспеді. Прокурор Дана Сәрсенбай тергеудің толық жүргізілгенін айтып, өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.

Судья Ербол Жанұзақов та өтінішті қабылдамай, мұндай шешім тек прокуратура құзырында екенін атап өтті. Сот істі тек ұсынылған айыптау шеңберінде қарайтынын және алдын ала тыңдауға негіз жоқ екенін айтты.

Нәтижесінде, жәбірленуші тараптың талабын сот қабылдамады, іс бұған дейін берілген айыптау бойынша жалғасатын болды.

Пікірлер
(0)
Бұл жерде әлі ештеңе жоқ
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий