Геннадий Головкиннің алғашқы бапкері дүниеден өтті

Қазақстанның бокстан еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Дмитриевтің өмірден өткені туралы Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады, деп жазады kznews.kz сайты Informburo басылымына сілтеп.
Виктор Дмитриев – қазіргі таңда ҰОК президенті болып отырған танымал боксшы Геннадий Головкиннің алғашқы жаттықтырушысы. Головкин бапкерінің туыстарына көңіл айтып, марқұмның спорттағы рөліне тоқталды.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті мен өз атымнан орны толмас қазаға байланысты шын жүректен көңіл айтамын. Бұл – тек спорт әлемі үшін ғана емес, мен үшін де үлкен қайғы. Виктор Константинович тек кәсіби жаттықтырушы емес, сонымен қатар тәлімгер, ұстаз, үлгі болатын жан еді. Оның спортқа деген сүйіспеншілігі мен әрбір спортшымен жұмыс істеудегі шеберлігі мәңгі есте қалады», – деді Головкин.
Ол сонымен бірге Дмитриевтің ел боксына қосқан үлесі зор болғанын, талай дарынды спортшының жолын ашқанын айтты.