Алматы қоғам белсенділері: тау кластері тұрақты туризмнің қозғаушы күшіне айналуы тиіс

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Алматыға келіп, қала маңындағы тау кластерінің әлеуетімен тікұшақ арқылы танысты. Сапар аясында ол тау туризмін дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, отандық және халықаралық сарапшылар, сондай-ақ туризм саласындағы ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
Кеңесте Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі басқармасының төрағасы Рустам Қарағойшин және әлемдік тау шаңғысы индустриясының жетекші мамандары даму жоспарларын ұсынды. Олардың қатарында Horwath HTL (АҚШ) компаниясының серіктесі Синиша Топалович, француздық Stem International компаниясының бас директоры Винсент Тассар және PGI Management (Андорра) президенті Жоан Виладомат бар.
Кешенді даму жоспары: инфрақұрылым мен жұмыс орындары
Тау кластерін дамыту аясында Түргеннен Қаскелеңге дейінгі үш негізгі аймақ – шығыс, орталық және батыс бағыттар белгіленді. Жоба аясында халықаралық деңгейдегі инфрақұрылым мен 300-ден 700 шақырымға дейін тау шаңғысы трассаларын салу көзделіп отыр. Орталық аймақта ғана көтергіштер саны 16-дан 58-ге дейін артпақ. Бұл өткізу қабілетін тәулігіне 6 мыңнан 34 мың адамға дейін арттырып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
2029 жылға қарай Алматы тау кластері Орталық Азиядағы жыл бойы жұмыс істейтін ең ірі туристік орталыққа айналады деп күтілуде.
Almaty Mountains Destination – халықаралық брендке айналу жолында
Horwath HTL компаниясының өкілі Синиша Топалович бұл жобаның Алматыны жыл бойы турист тартатын әлемдік деңгейдегі тау курортына айналдыратынын айтты. Мақсат – табиғат, демалыс, спорт пен мәдениетті біріктіретін «Almaty Mountains Destination» атты бірегей туристік бренд қалыптастыру.
Кешенді инфрақұрылым және экологиялық ұстанымдар
Stem International компаниясының басшысы Винсент Тассар жобада қысқы туризммен қатар жазғы демалыс инфрақұрылымын дамытуға – велосипед және жаяу жолдар, глампинг, этно-қонақүйлер мен экологиялық көлік түрлерін енгізуге баса назар аударылып жатқанын атап өтті. Жоба аясында жаңартылатын энергия көздерін қолдану және қоршаған ортаны цифрлық мониторингтеу жоспарланып отыр.
Almaty SuperSki – жаңа тау шаңғысы курорты
PGI Management президенті Жоан Виладомат ұсынған «Almaty SuperSki» тұжырымдамасына Құмбел шыңы мен Көк-Жайлау шатқалын қамтитын, ұзындығы 65 шақырымнан асатын трассалары бар жаңа тау шаңғысы курорты кіреді. Жобаның жетекшісі Томас Тор Йенсен трассалардың жартысы жаңадан шаңғы тебуді үйренушілерге арналатынын айтып, бұл қазақстандықтар арасында шаңғы мәдениетін кеңінен насихаттауға сеп болады деп атап өтті.
Жоба экологиялық тазалық пен инклюзивті инфрақұрылым принциптеріне негізделген. Барлық көтергіштер мүмкіндігі шектеулі адамдарға да қолжетімді етіп жасалады. Құрылыс кезінде табиғи ландшафтты сақтау мен экожүйеге зиян келтірмеу басты назарда.
Сарапшылар пікірі: қолданыстағы инфрақұрылым мен жаңа мүмкіндіктер
Кеңесте сөз алған «Қазақстан Республикасының Ұлттық шаңғы қауымдастығы» бас хатшысы Асқар Уәлиев қазіргі шаңғы курорттарында, әсіресе Шымбұлақта келушілер саны шамадан тыс көбейіп, кәсіби спортшылар үшін жаттығу мүмкіндігі шектеліп жатқанын айтты. Ол халықаралық деңгейдегі жарыстар мен спортшылар дайындығына лайықты инфрақұрылым қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ «PANA ASIA» ЖШС байқау кеңесінің төрағасы Нұржан Ниязалиев және ECO Network негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов туризмді орнықты даму қағидаттарына сай жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Көк-Жайлау жобасы ерекше назар аударуға лайық. Ол экологиялық орнықты даму қағидаттарына, табиғи ресурстарды сауатты пайдалануға негізделген. Бүгінде бүкіл әлем осы бағытта жылжып келеді. Соңғы талқылаудан кейін «Көк-Жайлау» жобасы тоқтатылды, бірақ соған қарамастан біз бүкіл әлемде, әсіресе, біздің өңірде үлкен дамудың жүріп жатқанын білеміз. Шешуші қадам жасайтын уақыт жетті. Шымбұлақ пен Ой-Қарағай тау курорттарын біріктірейік, олардың арасында орналасқан шағын демалыс орындарының барлығын дамытайық. Біз Алматы тау кластерін, оның ішінде «Көк-Жайлау» жобасын дамытамыз», — деп атап өтті Асқар Валиев.
Нұрлан Ниязалиев туристер ағынының артуы экожүйені сақтауға, келушілердің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ табиғи аумақтарға жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік беретін заманауи және ойластырылған шешімдерді талап ететінін атап өтті.
Евгений Мұхамеджанов тау кластеріндегі жобаларды жүзеге асыру кезінде экологиялық аспектілерді ескеру қажеттігіне тоқталды. Барлық процестің ашықтығын, табиғатты қорғау нормаларының сақталуын және жұртшылықпен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету маңызды.
Жиынды қорытындылай келе, Премьер-министр Алматы тау кластерін дамыту бойынша ұсынылған тәсілдерді де оң атап өтті. Мемлекет құрылыс кезінде, сапа мен бақылауды қамтамасыз ету, оның ішінде экологиялық мәселелер бойынша жауапкершілікті өзіне алады. Инфрақұрылымның инклюзивтілігіне ерекше назар аударылды.
Бүгінгі таңда туризм және саяхат секторының әлемдік ЖІӨ-ге қосқан үлесі 10%-дан асады, ақшалай түрде бұл $11 трлн-нан жоғары. Сондай-ақ 300 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, яғни, әрбір төртінші жаңа жұмыс орны – осы секторға тиесілі.
«Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізді жаңғырту, оның ішінде экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жоғары деңгейде өңделген өнім өндіру бойынша көптеген өнеркәсіптік ірі жобалар, сондай-ақ ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Осыған орай, менің ойымша, туризм саласының қарқынды дамуы байқалады. Қазақстан лайықты туристік бағыттардың біріне айналуға мүдделі. Оның үстіне бізде үлкен артықшылық бар – бұл біздің тауларымыз. Әлемдік сарапшылар Алматының таулары әлемдегі ең үздік таулардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан таяу жылдары әлемдік деңгейдегі биік таулы демалыс орнын салу шараларын қолға алуды көздеп отырмыз. Қазір жоспарлар таныстырылды. Кешенді жоспарда Алматы тау кластерін шығыстан батысқа қарай Талғардан бастап Қаскелеңге дейін дамыту көзделген. Жалпы, бұл таулардың әлеуеті бізге 700 шақырымға дейін шаңғы трассаларын салуға мүмкіндік береді. Мемлекет инфрақұрылымды: көлік инфрақұрылымын, жолдар, коммуникациялар, тау шаңғысы инфрақұрылымын салу бойынша шығындарды өз мойнына алады. Сонда дайын инфрақұрылымға бизнес пен инвестиция міндетті түрде келеді. Мамандардың айтуынша, тау инфрақұрылымына салынған 1 доллар курорттық инфрақұрылымға 2 доллар жеке инвестиция тартады. Бұл – экономикамызды әртараптандыруға зор мүмкіндік. Аталған жоба Алматы қаласы мен Алматы облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикалық ландшафтын түбегейлі өзгертеді. Қазірдің өзінде құрылысты жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар істі инфрақұрылымы барынша дамыған Орталық аймақтан бастаған жөн дейді. Орталық аймақ, өз кезегінде, қазір жұмыс істеп тұрған Oi-Qaragai демалыс аймағынан бастап, Пионер, Бутаковка, Қимасар шатқалы, Шымбұлақпен байланыстыруға мүмкіндік береді. Шымбұлақ дамудың екінші кезеңін бастайды. Біз бұл жұмысты мұздықтарға жақынырақ көтеріліп, батысқа қарай – Құмбел шыңы мен Көк Жайлау шатқалына дейін жеткіземіз. Бұл – өте ауқымды жоба болмақ», — деді Олжас Бектенов.
Бүгінгі таңда туризм Алматының жалпы өңірлік өнімінің 3,9%-ын құрайды, 83 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 2024 жылы қала 2,3 млн-нан астам туристі қабылдады, оның 680 мыңнан астамы – шетелдіктер. Туризм секторы экономикасында да тұрақты өсім байқалады: туристік қызмет көрсету көлемі 30%-ға, салық түсімдері екі есеге артты. Ауқымды жобаларды жүзеге асыру және заманауи инфрақұрылымды құру қала мен еліміздің өңірдегі жетекші туристік орталық ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.
Алматы тау кластері жыл бойы жұмыс істейтін туризмнің алғашқы ірі жобасы болмақ. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында тау шаңғысы курорттарын одан әрі дамыту жоспарлануда.
Мұнда Медеу ЭКО паркі кешені тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба Алматының халық ең көп келетін көрікті жерлерінің бірін кешенді абаттандыруға бағытталған. Келушілер санының болжамды өсуін ескере отырып, отбасылық және белсенді демалыс үшін толыққанды инфрақұрылымы бар заманауи ландшафттық саябақ құру көзделген.
Сонымен қатар Олжас Бектеновке заманауи туризм инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған жобалар ұсынылды. «Горельник» келушілер орталығы іске қосылды және Jumbaq Jol жаяу жүргіншілер жолы ашылды. Өткізу қабілеті бар аспалы көпір салу жұмыстары жүргізілуде. Көпірдің жүк көтеру қабілеті 20 тонна, жүргіншілер саны – тәулігіне 10 мың адам. Нысанды осы жылдың шілде айында аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірі бар оқушылардың спорт клубы, автобустармен тасымалдау кешені, ЕСО Resort және қонақ үйлер салынады.