Алматы неге туристер үшін тартымды қалаға айналды?

2024 жылы Алматыға келген туристердің саны 2,3 миллионға жетіп, оның 686 мыңнан астамы шетел азаматтары болды, деп хабарлайды kznews.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеп.
Visit Almaty дерегінше, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға көп. Шетелдік туристердің жартысынан көбі Алматыны таңдаған.
Үндістаннан келгендер саны 2,4 есеге артса, Қытайдан — 50%-ға. Сондай-ақ АҚШ, Түркия және Оңтүстік Кореядан келетіндер де көбейген. Бұл көрсеткіштер жаңа халықаралық рейстердің ашылуымен тікелей байланысты: Гуанчжоу, Дананг, Нячанг және Инин бағыттары іске қосылды, ал Шанхай, Пусан мен Чэнду да кезекте тұр.
Қалада 387 орналастыру орны жұмыс істейді. Туристік маусымның қызған шағында қонақүйлердің жүктемесі 90%-ға дейін жетеді.
Алматыда туризм тек табиғатпен шектелмейді. Халықаралық көрмелер, Наурыздағы TikTok-аймақ, әуежайдағы гидтер мен гастрономиялық фестивальдер қалаға ерекше реңк беріп отыр. Жақында үш тілде жарық көрген гастрогид 140-тан астам мекемені қамтиды.
Тау туризмі де қарқын алуда: жаңа бағыттар ашылып, кемпингтер мен инфрақұрылым дамып келеді. Гидтерге арналған оқыту, шыңдарға санауыш орнату, халықаралық шаралар да жоспарда бар.
Алматы шетелге де кеңінен таныстырыла бастады. Қала SmoothTravel платформасына қосылып, Amazon Prime арнасындағы Travel by Dart шоуында көрсетілді.
Алматы — жайлы қала, ерекше табиғат пен мәдениет тоғысқан мекен. Туризм мұнда кездейсоқ емес, нақты стратегия мен сұраныс нәтижесі.